ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі тақырыбында балалар арасында сурет байқауын ӨТКІЗДІ. Оған балабақша және 1-9 сынып оқушылары қатысты. Байқауға 600-ден астам жұмыс түсті. Олардың үздіктері таңдап алынып, өткен демалыс күндері облыс орталығындағы сауда орталығының бірінде көрмеге қойылды.
Облыстық ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі тақырыбындағы сурет байқауын тұңғыш рет ұйымдастырып отыр. Басты мақсат- осы конкурс арқылы балаларға ерте жастан өрт қауіпсіздігі мәдениетін үйрету. Айта кетейік, байқауға 600-ден астам сурет келіп түсті.
МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ НОРМА БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
- Балалар жақсы сурет салу үшін тырысып бақты. Олар қарындаш пен акварель және гуашьты пайдаланды. Балақайларға «Тұрмыстық өрт қауіпсіздігі», «Өрттердің алдын алу және өрт кезіндегі іс-әрекет», «От-дос, от-жау» және «Балалардың отпен ойнауы» тақырыптары берілді. Жеңімпазды анықтау оңайға түскен жоқ. Себебі, барлық жұмыс қызықты.
Облыс орталығындағы сауда орталықтарының бірінде ұйымдастырылған көрмеге 70-тен астам сурет қойылды. Балалардың суреттерін демалыс күндері шаһар тұрғындары мен қонақтары тамашалай алды. Байқау шарттарына сәйкес, жеңімпаздар үш жас санаты бойынша анықталған екен. Үздік атанғандарға алдағы уақытта дипломдар мен бағалы сыйлықтар беріледі.
МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ НОРМА БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
- Сондай-ақ, облыстық ТЖ департменті Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педогогикалық колледжімен бірлесіп, шаһар тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі тақырыбында жадынамалар таратты. Күн ыстық. Осы кезеңде орман өрті шығу қаупі өте жоғары. Ал оны болдырмау үшін біз осындай шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда балалар сурет байқауы алдағы уақытта дәстүрге айналып, жыл сайын өткізілмек.
Нұрбол Балғабеков