Петропавл қаласының тұрғыны Қамаш Сыздықова бүгінде 5 бала, 16 немере мен 5 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты әже. Балаларының бәрін оқытып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиеледі. «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің үздігі», тыл еңбеккері Қамаш әжей ұрпағына отбасылық құндылықтарды дәріптеуді әсте доғарған емес.
Әлия Сәдуақасова да өз енесін мақтан тұтады. Өйткені, ол әрқашан да ақылын айтып, қолдап отырады,- дейді. Қазір Әлия бала күтімі бойынша демалыста.
Қамаш Сыздықованың жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір жастықта бас түйістірген жолдасы өмірден озды. Бірақ, оның жоқтығын немере, шөберелерім сездірмей келеді,- дейді. Әйгерім мен Қайыркен де әжесінің көңіліне кірбің түсіруді қаламайды, әрдайым көңілін көтеруге тырысады. 11 сыныпты аяқтағалы тұрған Қайыркеннің басты мақсаты ҰБТ-де жоғары ұпай жинау. Ал Айгерім 3 жасынан бастап көркемдік гимнастикамен айналысады, спорт шеберіне үміткер және облыстық құраманың мүшесі.
Туған күндер, Жаңа жыл, Наурыз мейрамы – бұл отбасының бір шаңырақ астында тойлайтын мерекелері. Биылғы жыл бұл отбасы үшін мерейлі даталарға толы. Қамаш Сыздықова 80-ге келсе, немересі Қайыркен балиғат жасқа толды, ал, ұлы мен келінінің шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болған.
Самат САПАРАЛЫ