Бірлік пен татулықтың, еңбек пен ізгіліктің мейрамы наурыз мерекесі де жақындап қалды. Парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіретін мейрам барша қазақстандықтар үшін Ұлыстың Ұлы күні. Солтүстікқазақстандықтар да аталмыш мерекені наурыздың 14-інен бастап тойлап жатыр. Қызылжар ауданы Совхозное орта мектебі де осыған орай мол дастархан жайып, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінен үзінді көрсетті. Толығырақ арнамыздың тілшілері тарқатсын.

Мектеп ұжымы мерекені сән салтанатымен қарсы алды.  Ұлттық тағамға толы мол дастархан, бауырсақ, сары май, жент, құрт, ірімшік . Ұстаздар мен ата-аналар қазақтың ас мәзірін көрсету үшін тыңғылықты әзірленіпті. Ал, мектеп өнерпаздары мың бұрала би билеп, шарықтата ән шырқады.

АЛМАГҮЛ ИШАНОВА, СОВХОЗНОЕ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

- Наурыз мерекесі бұл барша қазақстандықтардың мерекесі. Біздің мектеп жыл сайын атап өтеді.

Келген қонақтардың назарына жергілікті шебер, технология пәнінің мұғалімі Әмина Жафарова және оның оқушылары жасаған бұйымдар көрмесі ұсынылды.  Ұлттық киім киген онға тарта қуыршақ, түрлі әдіспен жасалған әшекейлер көздің жауын алады. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерден де үзінді көрсетілді. Бір жасқа енді толып, тәй-тәй басқан Мадиярға сыйлы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың жолын берсін деген ниетпен тұсау кесер рәсімін жасады. 

ОЛЕСЯ МОЛДЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Бүгін менің баламның тұсауын кесті. Бұл өте маңызды оқиға. Өйткені баламның  алғашқы қадам басуы. Осындай үлкен ата-әжелеріміздің жолын беріп, солар сияқты сийлы азамат болсын. Осындай мейрамда бұл рәсімді жасағанымызға өте қуаныштымын

Совхозное орта мектебі сан жылдық тарихы бар білім ордасы. 1966 жылы негізі қаланған. Қазіргі күні мектепте 130-дан астам  оқушы білім алуда. 35 жыл директор қызметін атқарған Анатолкий Волков та бүгінгі іс-шараның құрметті қонағы болды.

АНАТОЛИЙ ВОЛКОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

- Бүгін міне біздің мектепте наурыз мейрамы тойланып жатыр. Мені де қонаққа шақырды. Өте қуаныштымын. Тұсау кесу рәсіміне де қатыстым. Кішкентай баламыздың қадамы құтты болсын.

Іс-шарада келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде әзірленетін ұлттық тағам Наурыз көже де әзірленген. Барша мейрамға қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, бір-біріне деген жылы лебіздерін жаудырды.

Жансая ҚАЙЫПОВА