Өткен демалыс күндері облыс орталығында осымен екінші рет «Қымыз фест» фестивалі өтті. Шара аясында ұлттық ойындарымыз дәріптеліп, келушілерге қымыз, бауырсақ сынды ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Сондай – ақ, атты карнавал шеруі мен түрлі сайыстар ұйымдастырылды.
Шараға жиналған халықтың қарасы қалың. Өйткені олардың барлығы да ұлттық сусынымыз саналатын қымыздың дәмін татқысы келеді. Шынымен де, қымызсыз қазақ асханасын елестету қиын. Алаңға жиналғандарды алдымен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет мерекемен құттықтап, бүгінгі фестивалдің маңыздылығын тілге тиек етті.
НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕСОВ, ТІЛШІ:
- Ағылшын археологтарының дерегі бойынша жылқы ең алғаш Солтүстік Қазақстанда қолға үйретілген. Бүгінгі фестивалдің ұйымдастырылуына да дәл осы факт негіз болып отыр. Жылқы малының қадір қасиетін насихаттап, ұлттық сусынымыздың шипалылығын дәлелдейтін бұл ашараға барлық аудандардан қымыз өндрушілер қатысуда. Олар ұлттық сусынымыздың түр – түрін алып келген. Мысалы мынау халық сүйіп ішетін – бал қымыз.
Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескеркіші маңына тігілген алты киіз үйді төңіректеген халық ұлттық тағамдарымыздың түр – түрінен дәм татты. Фестивальға жалпы 2000 литр қымыз бен 1000 келі бауырсақ әкелінді.
ҚҰРАЛАЙ ЖАРОВА, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
- Ауа райының құбылуына қарамастан осындай керемет мерекемізді ұйымдастырып отырмыз. Мақсат ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту. Жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сондай – ақ бұл фестиваль өңірімізге туристерді тартуға да өз септігінтигізетініне сенімдіміз.
Мерекеге өңіріміздің барлық аудандарының қымыз өндірушілері келген. Солардың бірі Бибігүл Нұрпейісова. Ол «Қымыз фест» фестивальіне осымен екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Былтыр 40 литр қымыз әкелгенмін жарты сағатта сатып алып кетті, сондықтан биыл екі есе көп алып келдім дейді.
БИБІГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, ҚЫМЫЗ ӨНДІРУШІ, ЕСІЛ АУДАНЫ:
- Бүгінгі күні осы тойымызға біздің қазақтың сусына, қазақтың дастарханының сәні қымыз сусынын әкеліп отырмыз. 75 литр. Бұл қымыздың адамдарға пайдасы өте мол, ауратын адамдарға шипа береді, кішкентай балаларға күш қуат береді. Бауырсақта әкелдік. Осындай өте қызықты бәрі алып жатыр, қуана – қуана.
Мерекеге еліміздің басқа өңірлерінен, тіпті көрші елдерден де меймандар келген. Олар да ел қатарлы қымыздан дәм татып көңіл көтеруде.
- Өзім РФ азаматымын. Қазір еңбек демалысындамын. Қызықстанға бірінші келуім. Жергілікті тұрғындар мен қалаларыңыз өте ұнады. Кеше Астана күнін тойладыңыздар бүгін міне қымыз фестивалі. Халық өте қонақжай. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмамын.
- Біз тараз қаласынан келіп отырмыз.....Естілмейді.
Атты-карнавал шеру мереке шырайын аша түсті. Жиналған жұртшылық əр аудан өкілдерін зор қошеметпен қарсы алуда. Тұяқтарымен тас жолды тақылдатқан тұлпарлар әдемі сап түзеп Пушкин көшесімен жүріп өтті. Ауқымды шара барысында көнеден қалған, әйтседе бүгінгі күні көпшілікке таныс емес ұлттық ойындарымыз дәріптелді. Сондай – ақ қымыз ішуден жарыс ұйымдастырылды.
Шара барысында халықтық жәрмеңке де ұйымдастырылды. Аудандардан келген шеберлер қолдан жасалған әсем бұйымдарын саудаға салды. Жалпы мереке көңілді өтті. Ұйымдастырушылар осы фестиваль болашақта дамып, дәрежесі көтеріліп Германиядағы «Октоберфест» секілді мыңдаған туристі тартады деп үміттенеді. Ылайым солай болғай.
НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕСОВ
Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар