«Ақ» сөзі қазақ халқында қасиетті ұғымды білдіреді. Сондықтан да, нәресте өмірге шыр етіп келгеннен бастап, оның өмірі ақ жолға толы болсын деген ниетпен, акция перинаталдық орталықтан бастау алды. Әрі ақ орамалдың киелілігін қазақ халқы бұрыннан қастерлеген. Жаугершілік заманда, аналарымыз ақ жаулықтарын ортаға тастап, екі елді бітімге шақырған екен. Осы жолғы шара да сол іздің жалғасы деуге болады
Облыстық перинаталдық орталықта қазір 57 жас ана сәбиімен жатыр. Өткен тәулікте 11 нәресте дүние есігін ашқан екен. Оларға акция ұйымдастырушылары сыйлық жасап, ана атанған келіншектерге орамал тақты. Ольга Стагнеева тұңғыш ұлын өмірге әкелген. Жаңа аналық өмірге енді үйреніп келе жатқан ол, ақ орамал акциясының тосын сыйына разы.
Ақ орамал акциясы 29-шы тамызға дейін жалғасатын болады. Оның аясында жиындар, шерулер, отырыстар, қайрымдылық шаралары өткізілмек.
Гүлнар САЙЛАУҚЫЗЫ