Республика күні — егемендікке бастар жол
Қазақстанның мемлекеттілік тарихы, егемендік туралы декларацияның маңызы және ел дамуының қазіргі бағдарлары. Осы мәселелер Kozybayev University-де өткен өңірлік ғылыми конференцияда талқыланды. Жиын Республика күніне орай ұйымдастырылып, оқытушыларды, зерттеушілерді, музей мамандары мен студенттерді біріктірді.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес даму жолына негіз қалады. Құжат елдің аумақтық тұтастығын айқындап, ішкі және сыртқы саясатты өз бетінше жүргізуге мүмкіндік берді. Конференцияда осы тарихи шешімнің мәні мен мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдері сараланды.
СНХР: ӘСЕТ ЖӘНІСОВ — ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, «KOZYBAYEV UNIVERSITY» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КАМПУСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Егемендік туралы декларация тәуелсіздікке бастар жолды айқындады. Алайда мемлекеттіліктің қалыптасуы бір ғана тарихи құжатпен шектелмейді. Оның бастауы мен даму кезеңдерін зерттеу — бүгінгі тарихшылардың маңызды міндеттерінің бірі.
СНХР: НҰРБОЛАТ ӘБУОВ:
Жиын қорытындысы бойынша ғылыми ынтымақтастықты дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және университеттің ғылыми, архивтік, музей ұйымдарымен байланысын кеңейту жөнінде ұсыныстар қамтылған қарар қабылдау жоспарланған.