25 қазан – Республика күні
ӘСЕМ ӘКІМҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
- Бүгін – еліміз үшін айтулы күн. Қазақстан халқы Республика күнін атап өтуде. Қаламыздың орталық алаңында көк туымыз көтерілді. Бұл – елдігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің символы.
Петропавлда Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Биыл Тәуелсіздік заңының қабылданғанына 35 жыл. Мемлекет басшысы атап өткендей, ел егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту – басты құндылықтардың бірі. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер мен жастар қатысты. Көк байрақ көкте желбіреп, ел Әнұраны бірге шырқалды.
25 қазан – еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігінің бастауы болған ұлттық мереке. 1990 жылы дәл осы күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына жол ашылды. Содан бері еліміз саяси және экономикалық дамудың өзіндік жолын қалыптастырып, өркендеу бағытына бет алды. Биыл тарихи құжаттың қабылданғанына 36 жыл толып отыр.
СНХР: СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Республика күні – барша қазақстандық үшін ортақ мереке. Бүгін қала тұрғындарының көңіл күйі көтеріңкі, күн райы да шуақты. Петропавлдықтардың елімізге деген ақ тілегі, жылы лебізі мен ізгі ниеті де бір.
Мерекеде жастар қолдарына көк байрақ ұстап, егеменді елге деген мақтаныштарын білдіруде. Республика күніне орай өңірімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық мерекенің мән-маңызы кеңінен дәріптелуде.