Республика күні қарсаңында полицейлер марапатталды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Республика күніне орай марапатталды. Салтанатты іс-шара Ақан сері атындағы облыстық филармонияда өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер және қызметкерлердің отбасы мүшелері қатысты.
Адал қызметі мен қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін полицейлер, ішкі істер органдарының ардагерлері және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды.Екі қызметкер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. Бірқатар полицейге кезекті арнаулы атақтар мерзімінен бұрын берілді. Үш қызметкер «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін алды. Жас буынды тәрбиелеуге үлес қосқан ардагерлерге де алғыс айтылды. Ал жас полицейлердің ата-аналарына балаларын патриоттық рухта тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табысталды. Полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров марапат кәсібилік пен қызметтік борышқа адалдықтың мойындалуы екенін атап өтті.Аға буынның өнегесін Мағжан Жұмабаев ауданының «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да көрді. Олар алғаш рет полиция іс-шарасына қатысты. Кеш мерекелік концертпен аяқталды.