Болат Қожахметов 80 жаста
Бүгін жерлесіміз, ақын, ҚР құрметті журналисі Болат Қожахметов 80 жасқа толып отыр. Өлең мен сөз өнерін өміріне серік еткен қаламгердің мерейтойына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Дарынды ақын, майталман қаламгер» атты әдеби кеш өтті. Тағылымды жиынға замандастары, әріптестері мен шығармашылығын құрметтейтін қауым жиналды. Келесі сюжетке назар аударайық.
Болат Қожахметов бала кезінен зеректігімен, алғырлығымен және белсенділігімен көзге түскен. Өнерге құштар, айналасына сыйлы болып өскен болашақ қаламгердің бойындағы осы қасиеттерді бірге өскен ауылдасы жақсы біледі. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің математика пәнінің оқытушысы Марат Малаев мерейтой иесімен бірге өткен балалық шақты еске алып, оның адамгершілік қасиеттері мен азаматтық болмысы туралы жылы лебізін білдірді.
СНХ: Марат Малаев - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы:
Болат Қожахметовтің алғашқы өлеңі небәрі 15 жасында қазіргі «Soltústik Qazaqstan» газетінде жарық көрді. Бұл - оның ақындық жолға ерте қадам басып, сөз өнеріне жастайынан құштар болғанының айғағы. Бүгінде қаламгердің «Аспандағы арғымақтар», «Жыр борайды», «Доңғалақты дүние» атты жыр жинақтары оқырманға жақсы таныс. Сонымен қатар «Өзім және өзгелер» атты эсселер жинағы да ақынның шығармашылық әлемін, өмірге деген көзқарасын кеңінен танытады.
СНХ: Жақсыбай Самрат – жазушы, журналист:
Болат Қожахметов журналистикаға бірден келмеген. Алғашында мал дәрігері мамандығын таңдағанымен, жүрегінің қалауы мен бойындағы таланты оны басқа арнаға жетеледі. Ақыры, үшінші курстан кейін журналистика мамандығына ауысып, өз жолын таңдады.
СНХ: Болат Қожахметов - ақын, журналист:
Облыстық кітапханада өткен жиында Болат Қожахметовтың замандастары онымен бірге өткен жылдардан сыр шертіп, жүрекке жылы естеліктерімен бөлісті. Өнегелі өмір жолы мен жарқын естеліктерге толы бұл кездесу жас ұрпаққа үлгі болып, олардың бойына ізгілік пен құрмет сезімін ұялатары сөзсіз. Жиын барысында Болат Қожахметовке еңбегі мен өмір жолына көрсетілген құрметтің белгісі ретінде «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі салтанатты түрде табысталды.