Негізгі Жаңалықтар 3 қыркүйек - Қазақы тазы күні

3 қыркүйек - Қазақы тазы күні

Бүгін елімізде алғаш рет қазақы тазы күні аталып өтіп жатыр. Ұлы даламен бірге жасасып келе жатқан құмай тазы – тек аңшы серігі ғана емес, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жеткен асыл қазына. Қазақтың тұрмыс-тіршілігімен, саятшылық өнерімен біте қайнасып, ұлттық болмысымыздың айшықты белгісіне айналған тазының халқымыз үшін рөлі ерекше. Осы ретте, Мамлют ауданы Покровка ауылының тұрғыны Нұрлыбек Мұстафин ұлттық қазынамызды дәріптеп, 12 жылдан бері тазыны жанына серік етіп жүр.

Тазы бағу жай ғана үй жануарын ұстау емес, бұл – нағыз өнер мен үлкен жауапкершілік. Нұрлыбек Мұстафин әр төрт аяқты серігінің мінез-құлқын жіті бақылап, олардың әрқайсысына жеке көзқарас танытады. Жүйріктердің тазалығын сақтау, дұрыс қоректендіру және уақытылы баптап шынықтыру олардың денсаулығы мен аңдағы шапшаңдығының кепілі екенін айтады. 

СНХ: НҰРЛЫБЕК МҰСТАФИН, МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Нұрлыбек Жақсылықұлы Мамлютка қаласындағы №15 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы. Ол қызметтен кейін уақытын үнемі өзінің тазыларына арнайды. Жұмыстың қажырлы еңбегінен кейін ол үйге келіп, жүйріктерін сейіл құруға шығаруды әдетке айналдырған.

СНХ: НҰРЛЫБЕК МҰСТАФИН, МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Кейіпкеріміз құмай тазыларды көбейтіп, асыл тұқымды сақтауға және оның қатарын арттыруға сүбелі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда ол өз үйінде үш үлкен тазыны және бес күшікті баптап отыр. Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді.

Бөлісу