Өңірде өрттің алдын алу жұмыстары күшейтілді
Солтүстік Қазақстанда жылыту маусымы қарсаңында өрттің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Құтқарушылар үйлерді аралап, пештердің, электр желілерінің жағдайын тексеруде. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы тұрғындардың қауіпсіздігіне басымдық беріліп отыр. Мамандардың айтуынша, қарапайым ғана сақтық шаралары қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Өткен жылыту маусымының статистикасы алаңдатарлық. Облыста тұрғын үйлерде 214 өрт тіркеліп, 31 адам көз жұмған. Қаза болғандардың үшеуі – бала. Тоғыз тұрғын түрлі жарақат алған. Ал өрттен келген шығын көлемі 52 миллион теңгеден асып отыр. Құтқарушылар бұл көрсеткішті азайту үшін профилактикалық жұмыстарды ерте бастайды. Себебі баспананы жылыту кезінде қауіптің басым бөлігі пеш пен электр жүйелерінен туындайды. Жыл басынан бері 271 өрт жағдайы тіркеліп, 24 адам қаза болды. Бұдан бөлек, 15 адам жарақат алды, ал алты тұрғын көміртек тотығынан зардап шекті. Улы газдан қаза болғандар әзірге тіркелген жоқ.
СНХР: ДИАНА ШАМШУАЛИЕВА, СҚО ТЖД БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ
Қауіптің алдын алуға көмектесетін құрылғылардың бірі – улы газ датчигі. Өлшемі шағын болғанымен, оның қызметі маңызды. Бөлмедегі көміртек тотығының мөлшері қауіпті деңгейге жетсе, аталған құрылғы бірден қатты дыбыс шығарып, тұрғындарға ескерту жасайды. Мұндай құрылғылар жылыту жабдығы орналасқан бөлмелерге қойылады. Датчикті орналастыру кезінде өндірушінің талаптары ескеріледі. Рейд барысында мамандар бұған дейін қойылған датчиктердің де жұмысын тексерді. Ақауы барлары жаңасына ауыстырылады. Бүгін осындай құрылғының бірі Петропавлдағы «Бірлік» шағынауданында тұратын Геннадий Лыжиннің үйіне де орнатылды.
СНХР: ГЕННАДИЙ ЛЫЖИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ, «БІРЛІК» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Мұндай құрылғылардың тиімділігі іс жүзінде дәлелденген. Өткен жылыту маусымында үйлерге орнатылған өрт хабарлағыштары екі рет уақытылы іске қосылған. Нәтижесінде тоғыз адам ажалдан аман қалған. Олардың бесеуі – балалар. Құтқарушылар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын кейінге қалдырмай, қазірден бастап қолға алуға кеңес береді. Пештің жағдайын тексеру, мұржаны тазалау, электр желілерін ретке келтіру және датчиктердің жұмысын бақылау – қыс алдындағы негізгі міндеттер. Себебі төтенше жағдай кезінде бірнеше секундтың өзі шешуші болуы мүмкін. Ал уақытылы берілген дабыл адамға үйден шығып үлгеріп, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.