Петропавлда есірткі таратпақ болған Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавл аумағында синтетикалық есірткі таратудың кезекті әрекетінің жолын кесті. Бұл жолы күдікті Жамбыл облысының тұрғыны. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 120 грамм. Толығырақ – облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің материалында.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер синтетикалық есірткінің Петропавл көшелерінде таралуына жол бермеді. Есірткі сатуға күдікті ретінде Жамбыл облысының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол тәулікке жалға алынған «Chevrolet Cobalt» автокөлігімен облыс орталығына кірмек болған.
Полицейлер оны «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тоқтатты. Көлік салонынан оралған психотроптық зат салынған пакеттер табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесінде оның жалпы салмағы 120 грамм α-PvP есірткісі екені анықталды.
СНХР: Руслан Үмбетов — СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы
Жүргізуші аса ірі мөлшерде есірткі сатуға күдікті ретінде ұсталды. Медициналық куәландыру оның каннабиноидтарды қолданғанын көрсетті. Қазіргі уақытта ол қамауда. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Жыл басынан бері СҚО полицейлері облыс орталығына есірткі жеткізудің 26 арнасын тоқтатты.