Өңір басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жол инфрақұрылымын сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында 16 шілдеде Петропавл қаласының «оңтүстік» бақылау бекетінде орын алған оқиға жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, салмағын өлшеуден жалтаруға әрекеттенген ауыр жүк көліктеріне қатысты қабылданған шаралар талқыланды.
Петропавлға кіреберістегі «Оңтүстік» бақылау бекетінде 32 ауыр жүк көлігінен құралған колонна тіркелді. Жүргізушілер көліктерін жол жиегіне қалдырып, артық жүк үшін тексерістен өтпеу мақсатында оқиға орынан кетіп қалған.Бұл жағдай жол жабынының сақталуы мен жол қауіпсіздігіне қауіп төндіргендіктен, мәселе жедел бақылауға алынды. Автокөлік иелері анықталғаннан кейін 14 миллион теңгеден астам сомаға 93 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
СНХ: МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазақстанда салмағы артық жүкпен жүргені үшін айтарлықтай айыппұл қарастырылған. Жеке кәсіпкерлерге рұқсат етілген салмақ 1-5 тоннаға асса 40 АЕК, 5-10 тонна аралығында 80 АЕК, ал 10 тоннадан артық болса 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Орта және ірі бизнес субъектілері үшін бұл айыппұл мөлшері бұдан да жоғары. Сонымен қатар, жазда ауа температурасы +25 градустан асқанда, асфальтталған трассалармен ауыр жүк көліктерінің қозғалуына тыйым салынады. Ережені бұзған тасымалдаушылардың кесірінен Корнеевка-Покровка, Покровка-Өрнек, Тайынша-Большой Изюм, Шалқар-Лобаново-Арықбалық, Казгородок-Горьковское бағытындағы жолдар бүлінген.
СНХ: МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Аймақта жолдарды сақтау үшін автоматтандырылған өлшеу жүйелері енгізілуде. Соңғы екі жылда 4 осындай кешен орнатылса, биыл тағы 5-уі іске қосылмақ. Статистикаға сүйенсек, өңірде жүк көлігі жүргізушілерінің ереже бұзу деректері жыл сайын артып келеді. 2024 жылы 66 хаттама толтырылып, 33 миллион теңге айыппұл салынса, 2025 жылы 176 хаттама бойынша 83 миллион теңге өндірілген. Ал 2026 жылдың алғашқы 7 айында 168 заң бұзушылық анықталып, айыппұл сомасы 80 миллион теңгеге жетті. Жиын соңында облыс басшылығы жауапты мекемелерге жолдарды сақтау және бақылауды одан әрі күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.