Еліміздің бірқатар өңірінде егін орағы науқаны басталды. Қазірдің өзінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, Жетісу өңірі мен Шымкент қаласының диқандары қызу жұмысқа кіріскен. Алдын ала болжам бойынша, биылғы өнімділік өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бүгінде 634 мың тоннадан астам дәнді дақыл жиналып, орташа өнімділік гектарына 20,6 центнерді құрады. Мемлекет егін орағын сапалы өткізу үшін аграрийлерді қажетті техникамен және жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етіп отыр.

Мамандардың айтуынша, биылғы егін орағы қолайлы ауа райы мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жоғары қарқынмен өтуде. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша оң үрдіс сақталуда. Атап айтқанда, бидайдың жалпы түсімі 461,2 мың тоннаға жетіп, орташа өнімділігі гектарына 19,1 центнерді құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш гектарына 13,7 центнер болған. Арпа жинау науқаны да жоғары нәтижемен жүргізілуде. Қазіргі уақытта 157,8 мың тонна арпа жиналды. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден екі есе артты. Науқан барлық өңірде жоспарға сай жалғасып жатыр.