Түркияда төрт жыл бойы жасырынып жүрген қазақстандық алаяқ қолға түсті. Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері халықаралық іздеуде жүрген күдіктіні Анталья қаласында құрықтап, елге жеткізді. Ол сыбайластарымен бірге тұрғындарды миллиондаған теңгеге тақырға отырғызды деп айыпталуда.

Қолға түскен 30 жастағы күдікті 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Тергеу мәліметінше, ол осыдан бес жыл бұрын сыбайластарымен бірге тұрғындардың сеніміне кіріп, 6 миллион теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен қалтасына басқан. Тәртіп сақшылары Ішкі істер министрлігі және Қазақстанның Антальядағы Бас консулдығымен бірлесіп, күдіктінің Түркияда жасырынып жүрген жерін анықтады. 16 шілде күні ол елге депортацияланды. Жыл басынан бері облыс полицейлері алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 4 қылмыскерді құрықтады. Олардың тұрғындарға келтірген жалпы материалдық шығыны 568 миллион теңгені құрап отыр

СНХР: ҚАНАТ ІЛИБАЕВ – СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ