Петропавлда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына байланысты қабылданған рақымшылық туралы заңды іске асыру басталды. Бұл ондаған сотталған азамат үшін жазасын мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып пайдаланғандардың қатарында петропавлдық Александра Решетникова бар. Ол сот залында-ақ мерзімінен бұрын босатылды. Рақымшылық кімдерге қатысты қолданылады және пробация қызметі азаматтардың қоғамға бейімделуіне қалай көмектеседі? 

 Заң аясында қылмыстық теріс қылық, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар, сондай-ақ ауыр қылмыстардың жекелеген баптары бойынша сотталған азаматтар рақымшылыққа ілігеді. Бірі жазадан толық босатылса, енді бірінің жаза мерзімі қысқартылады. Дегенмен пробация қызметі үшін сот шешімін орындаумен қатар, азаматтардың қоғамға қайта бейімделуі де маңызды. Мамандар құжаттарын қалпына келтіруге, жұмысқа орналасуға және қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Қазіргі таңда сотталғандар Петропавл қаласының кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылып жатыр. Ал СҚО әкімдігі жыл сайын осы санаттағы азаматтарға арналған жұмыс орындарының квотасын бекітеді.

СНХР: МАДИМАР ДҮЙСЕНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ

Рақымшылық бойынша алғашқылардың бірі болып бостандыққа шыққан Петропавл тұрғыны Александра Решетникова. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы – ұрлық бойынша сотталған. Сот үкімімен бір жарым жыл мерзімге үйқамақта болғанымен, жаңа заңның арқасында сот залында-ақ мерзімінен бұрын босатылды. Айтуынша, мұндай шешімді ол күтпеген. 

СНХР: АЛЕКСАНДРА РЕШЕТНИКОВА, ПЕТРОПАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Сот шешімі заңды күшіне еніп, барлық қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін рақымшыдықпен босатылған азаматтар 15 күн ішінде пробация қызметінің есебінен шығарылады. Ал жаза мерзімі қысқартылғандарға пробация мамандары қолдау көрсетуді және сот талаптарының орындалуын бақылауды жалғастырады. Мамандардың айтуынша, рақымшылық – тек мерзімінен бұрын бостандыққа шығу ғана емес, өмірді түбегейлі өзгертуге берілген мүмкіндік.