Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту
Петропавлда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға арналған воркшоп өтті. Басқосуға орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, коммуналдық кәсіпорындар мен табиғи монополия субъектілерінің өкілдері қатысты. Жиында ұлттық жобаны іске асыру тетіктері, қаржыландыру жолдары және тұрғындарды қолдау шаралары талқыланды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде электр, жылу, су және кәріз желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасады. Биыл бұл мақсатқа даму институттары арқылы шамамен 45 млрд теңге тартылып, тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жоспарланып отыр.
СНХР: НҰРЛАН БОЛАТБАЕВ- ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ұлттық жоба аясында өңірде шамамен 218 шақырым электр желісі мен 61 қосалқы станцияның жабдығы жаңғыртылады. Бұл 67 мыңға жуық абонент пен 651 әлеуметтік маңызы бар нысанды сапалы электр энергиясымен қамтуға мүмкіндік береді. Ал жиынның екінші бөлігінде қатысушылар үшін медиа-коммуникация бойынша тренинг өтіп, тарифтердің өзгеруі секілді маңызды тақырыптарды халыққа қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу және әлеуметтік желілер арқылы тиімді байланыс орнату тәсілдері талқыланды.
СНХ: АҚЕРКЕ БЕРЛІБАЙ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ PR ЖӘНЕ МЕДИА САЛАСЫНЫҢ КӘСІБИ МАМАНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
Ұлттық жоба республика бойынша 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Оның басты мақсаты – коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайтып, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз электр, жылу және сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыру.