Су сапасын, тереңдігін және гидрологиялық режимін зерттеу көлдерді ауыз сумен қамтамасыз ету, суару және балық шаруашылығы мақсатында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан облысында екі мыңнан астам су нысаны бар. Оның 633-і балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне енгізілген. Су айдынының балық шаруашылығын дамытуға қолайлы мәртебе алуы үшін оған арнайы паспорт рәсімделуі қажет. 

Су айдынын паспорттау – ғылыми зерттеулердің кешенді жұмысы. Мамандар көлдің шекарасын, экологиялық жай-күйін, гидрологиялық ерекшеліктерін және балық түрлерінің құрамын анықтап, соның негізінде ресми паспорт әзірлейді. Бұл құжат су айдынының балық шаруашылығын жүргізуге жарамдылығын растап, оны мемлекеттік тізімге енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады.

ВЛАДИМИР ФЕФЕЛОВ – «БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ

Су айдындарын зерттеу жұмыстары 2020 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 184 су айдыны балық шаруашылығы нысандарының мемлекеттік тізіміне енгізілді. Ал 2026 жылдың жазында тағы 21 көлге зерттеу жүргізіліп, олардың балық шаруашылығын дамытуға әлеуеті бағаланады.

ЕВГЕНИЙ СУВОРОВ – СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Мұндай зерттеу жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Балық шаруашылығы су айдындарын ұтымды дамыту өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жергілікті экономиканың дамуына серпін береді.