Солтүстік Қазақстан облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. 24 шілдеге дейін полиция қызметкерлері азаматтық қаруды сақтау және тіркеу талаптарының сақталуын тексеріп, оның заңсыз айналымына қатысты деректерді анықтауда. Рейд басталғалы өңірде бірқатар заң бұзушылық тіркелді.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында азаматтық қарудың 7013 иесі тіркелген. Олардың иелігінде 10 660 бірлік қару бар. Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы полицейлер заң талаптарын бұзудың тоғыз дерегін анықтады. Оның ішінде бес жағдайда қару иелері оны тиісті талапқа сай сақтамаған. Екі азамат қаруды қайта тіркеу мерзімін бұзса, тағы екі заңсыз сақтау фактісі тіркелді. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты мекенжайларын тексеріп, заң талаптарын түсіндіруде. Сондай-ақ қаруды дұрыс сақтамау оның жоғалуына, ұрлануына немесе заңсыз мақсатта қолданылуына әкелуі мүмкін екенін ескертуде. Тәртіп сақшылары азаматтарды белгіленген талаптарды сақтап, қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуге шақырады.