Тұрғындардың қауіпсіздігі – төтенше жағдайлар қызметінің кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуына тікелей байланысты. Аққайың ауданының Смирново ауылында ауқымды жаңғыртудан өткен №9 өрт сөндіру бөлімі ашылды. Жаңартылған нысан заманауи қызметтік бөлмелермен, жаңа техникамен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. 

Бұған дейін өрт сөндірушілер апатты деп танылған ескі ғимаратта қызмет атқарған. Енді оның орнына жаңа техникамен, арнайы құрал-жабдықтармен, өрт сөндіру көліктеріне арналған кең бокстармен, сондай-ақ жеке құрамға арналған қызметтік және тұрмыстық бөлмелермен жабдықталған заманауи өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Жаңартылған бөлім 17 мыңнан астам тұрғыны бар 29 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заманауи материалдық-техникалық база құтқарушыларға шақыртуларға жедел әрекет етіп, төтенше жағдайлардың салдарын тиімді жоюға мүмкіндік береді.

Снхр: ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ

Жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің ашылуы – өңірдегі құтқару қызметін жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Салтанатты рәсім барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі заманауи еңбек жағдайларын жасау – ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, өрт сөндіру бөлімдерінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететінін атап өтті.

Снхр: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бір ғана өрт сөндіру бөлімін жаңартумен жұмыс аяқталмайды. Солтүстік Қазақстан облысында өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда бұл мақсатқа облыстық бюджеттен шамамен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде заманауи өрт сөндіру техникасы, арнайы жабдықтар сатып алынып, бөлімшелер қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Өңірде азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту жоспарланып отыр.