Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік зиянкес анықталған ағаш материалдарының ірі партиясы ел аумағына өткізілмеді.
Петропавл қаласында фитосанитарлық бақылау барысында Ресейдің Қорған облысынан әкелінген көлемі 33 текше метр қарағай тақтайларынан қара шыршаның кіші мұртты қоңызы табылды. Сараптама нәтижесі карантиндік нысанның бар екенін растады. Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 129 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынды. Залалды ағаш материалдары тәркіленіп, жойылды. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері өңірде карантиндік нысандардың анықталуына байланысты осындай 9 дерек тіркелген. Бұл фитосанитарлық бақылаудың тиімділігін көрсетіп, қауіпті зиянкестердің республика аумағына таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.