Бәйге, қазақ күресі, асық ату, алтыбақан мен ақ шаңқан киіз үйлер. Мұның бәрі Жамбыл ауданындағы Баян ауылының 125 жылдығы мен ғасырлық тарихы бар білім ордасының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Ұлттың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары ұлықталған айтулы мерекеде ауыл тұрғындары ғана емес, алыс-жақыннан келген қонақтар да бас қосты.
Мерейтойға облыстың түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес Көкшетау өңірінен де қонақтар арнайы келді. Алыстан ат терлетіп жеткен ағайын туған жердің қуанышына ортақтасып, ауылмен қайта қауышты. Мереке күні ауылда ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр кеңінен дәріптелді. Алтыбақан маңында жастар ән айтып, ұлттық ойындар ойналып, думанның көркі қыза түсті. Ақсақалдардың ақ батасы мен балалардың шат күлкісі жарасқан бұл күн ауыл тұрғындары үшін ұмытылмас мерекеге айналды.
Мерекенің сәнін келтірген ұлттық спорт жарыстарының бірі – асық ату сайысы. Дүбірлі додаға облыстың әр ауданынан келген 13 команда қатысып, мергендік пен ептіліктерін сынға салды.
СНХ: СӘЛІМБАЙ СӘДУЕВ, ТӨРЕШІ
Дала дүбірін қыздырған аламан бәйге де көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. 12 шақырымдық қашықтықта 12 тұлпар жарыс жолына шықты. Тізгінді 12-13 жастағы шабандоздар ұстап, жүйріктердің шабысы көрерменнің делебесін қоздырды.
СНХ: БЕКБОЛАТ ҮМІТБАЕВ, БАС ТӨРЕШІ
Мерейтой аясында қазақ күресінен де тартысты белдесулер өтті. Балуандар бас жүлде – 150 мың теңгені сарапқа салып, боз кілемде күш пен шеберліктерін сынады. Ал ауылдың әр шаңырағы мерекеге ерекше дайындалған. Ақ шаңқан киіз үйлерді тұрғындардың өздері тігіп, келген қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алды. Солардың бірі – көпбалалы ана Мәрияш Қапезова. Ол Баян ауылына 17 жасында келін болып түскен. Содан бері осы қасиетті мекенде өмір сүріп келеді. Ақжаулықты ана бүгінде 10 баладан 50-ге жуық немере мен шөбере сүйіп отыр.
СНХ: МӘРИАШ ҚАПЕЗОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Елді мекеннің мерейтойына ауыл тұрғындарымен қатар, осы жерден түлеп ұшқан азаматтар да арнайы келді. Бірі еліміздің әр өңірінен ат басын бұрса, енді бірі шетелден туған жердің қуанышына ортақтасу үшін жеткен.
Баян – талай дарынды тұлғаға қанат бітірген қасиетті мекен. Бұл ауылдан шыққан азаматтар еліміздің әр саласында еңбек етіп, туған жерінің мерейін асқақтатып жүр. Бүгінде елді мекенде 107 үй бар, онда 427-ге жуық тұрғын тұрады. Дегенмен қай қиырда жүрсе де, баяндықтар туған ауылмен байланысын үзген емес.