Мамандық таңдау өмірдің ең маңызды белесі. Қозыбаев университетінде биылғы талапкерлер үшін оқу орнында бес бірдей бағыт бойынша шығармашылық емтихан өтті. Олар журналистика, музыкалық пәндер, мәдени-тынығу жұмысы, дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ дизайн бағыттары. Солардың ішінде ең тартыстысы әрі қызықтысы журналистика саласы.
Журналистика бағытын таңдаған талапкерлер екі кезеңнен өтті. Алғашқысы белгіленген өзекті тақырыптардың біріне эссе жазу. Мұнда олардың сөз саптауы, қоғамдық мәселелерге деген көзқарасы мен сауаттылығы тексерілді. Ал екінші кезең қазылар алқасымен бетпе-бет сұхбаттасу. Дәл осы жерде үміткерлердің суырыпсалмалық шеберлігі мен креативтілігі сынға түсті. Журналистика және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры Мырзантай Жақып талапкерлер үшін жасалған мүмкіндіктер жайлы айтты.
Снх: МЫРЗАНТАЙ ЖАҚЫП, ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМДАР КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ
Шығармашылық емтиханға Аяжан Мұстапина да тас-түйін дайындықпен келген. Ол Мамлют ауданы, Бостандық орта мектебінің түлегі. Болашағын бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыстырғысы келетін талапкер бұл салаға 8-сыныптан бастап қызыққан. Содан бері түрлі мақалалар жазып, республикалық шеберлік сағаттарына қатысып келеді.
Снх: АЯЖАН МҰСТАПИНА, ТАЛАПКЕР
Айта кетейік бүгінде журналистика және әлеуметтік ғылымдар кафедрасында 120 студент білім алып жатыр. Аталмыш мамандық бойынша қазақ бөліміне биыл 30-ға жуық, ал орыс бөліміне 40-қа жуық талапкер құжат тапсырған. Болашақ БАҚ өкілдері бүгін тек білімдерін ғана емес, шығармашылық әлеуеті мен жедел ойлау қабілеттерін де таразыға салды.