Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Биыл жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталған мыңнан астам бейнебақылау камерасын біріктіретін бірыңғай интерактивті карта іске қосылады. Жоба қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, жол қозғалысын тиімді бақылауға және коммуналдық қызметтердің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жолдардың жай-күйін цифрлық бақылау жүйесі мен бейімделген бағдаршамдарды енгізу жұмыстары да жалғасуда.
Жоба аясында барлығы 1140 бейнебақылау камерасын бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланған. Оның ішінде 495 камера қоқыс алаңдарының жай-күйін бақылайды, 105 камера бетті тану технологиясы арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, 240 камера жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейді, ал 300 камера көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде анықтайды. Цифрлық шешімдерді енгізу қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, жол қозғалысын басқару мен коммуналдық қызметтердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.