Экология қарапайым істерден басталады. Петропавлда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы жалғасып жатыр. Жыл басынан бері облыс орталығында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру бағытында жүзге жуық іс-шара өтті. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызметтер, еріктілер, жастар, бизнес өкілдері және қала тазалығын өз жауапкершілігі деп білетін тұрғындар белсенді түрде атсалысуда.

Тек абаттандырудың үш айлығы кезінде Петропавлдан 240 тонна қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы 122 өтініш түсіп, олардың әрқайсысы жіті қаралып, тиісті шаралар қабылданды. Санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл қала көшелерінің жайлылығы мен тазалығы коммуналдық қызметтер мен тұрғындардың бірлескен күш-жігеріне тікелей байланысты екенін көрсетеді.