Петропавлда жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаһарда жолдар жөнделіп, жаңа көшелер салынуда. Сондай-ақ, Универсальная көшесіндегі жолөтпе құрылысы аяқталуға жақын. Жобалардың іске асырылу барысы туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен есептік кездесуінде баяндады. 

Қала басшысының мәліметінше, бүгінде Петропавлдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Оның 144 шақырымы әлі де топырақ жол. Биыл «Жас Өркен» және «Бірлік» шағын аудандарында жалпы құны 732 миллион теңге болатын өтпелі 3 жобаны іске асыру жалғасуда. Бұдан бөлек, 32 көшеге орташа жөндеу жүргізу жобасы әзірленді. Оның ішінде жалпы ұзындығы 26,3 шақырым болатын 29 топырақ көшеге асфальт төселеді. Жобалардың жалпы құны 3,3 миллиард теңге, алғашқы кезеңге 1 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар, 22 шақырым жолды биыл жөндеуден өткізу және 40 мың шаршы метр аумақтың шұңқырларын жамау жоспарланған. Қазіргі уақытта ұзындығы 1,3 шақырым болатын Малая көшесінің және Қазбек Байболов көшесінің құрылысы жүріп жатыр. Соңғысын аяқтауға 100 миллион теңге қарастырылған. Фрунзе және Қизатов көшелерінің жобаларын әзірлеу жұмыстары да қолға алынды. Ең ірі нысандардың бірі Универсальная көшесіндегі жолөтпе көпірі. Мұндағы негізгі жұмыстар аяқталуға жақын, ал қозғалысты биылғы жылдың жазында ашу жоспарланып отыр.