Жамбыл ауданында «Заң және тәртіп» республикалық акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алу. Акция аясында мемлекеттік органдар өкілдері тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Акция аудан орталығында саптық жиыннан басталды. Қатысушылар тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып, заң талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын қалыптастыруға да бағытталған.

СНХР: ЕЛЕНА МОСКАЛЕВА – ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ

Кейін мәдениет үйінде құқықтық тәрбиеге арналған театрландырылған қойылым көрсетілді. Көрермен назарына Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» шығармасының желісі бойынша сахналық көрініс ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастар арасында заңға құрметті қалыптастырып, құқықбұзушылықтың салдарын тереңірек түсінуге ықпал етеді.

СНХР: ЕЛЕНА УСАЧЕВА – И.ШУХОВ АТЫНДАҒЫ ПРЕСНОВКА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ

Акция аясында аудан тұрғындарын қабылдау ұйымдастырылды. Аудан әкімі, прокурор, полиция бөлімі бастығы, жер қатынастары, білім, ауыл шаруашылығы және өзге де бөлімдердің мамандары азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Аудандық полиция бөлімі де акцияға белсенді қатысты. Тәртіп сақшылары «Жолдағы қабылдау» шарасын өткізіп, азаматтарды қабылдады. Кейін дүкендер мен тұрғын үйлерді аралап, интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған профилактикалық брошюралар таратты. Мамандар тұрғындарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге шақырды.