Вьетнамда Грек-Рим күресінен өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Ислам Евлоев 97 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп ел қоржынына алтын медаль салып, ел мерейін үстем етті. Байрақты бәсекеде топ жарған чеспионды жерлестері темір жол вокзалынан қошеметпен қарсы алды.

Қолдарына гүл шоқтары мен грек-рим күресінің шебері Ислам Евлоевтың аты жазылған плакат ұстаған жерлестерінің қуанышында шек жоқ. Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан жас балуан үшін бұл жеңіс ұзақ дайындықпен, тынымсыз еңбектің нәтижесі. «Боз кілемде қарсыластардан басым түсу үшін ең бастысы - тәртіп, мінез және табанды еңбек қажет.» -, деп алдағы уақытта жаттығулар мен жаңа шыңдарды бағындыру күтіп тұрғанын айтады грек рим күресінен Азия чемпионы Ислам Евлоев.

СНХ: ИСЛАМ ЕВЛОЕВ, ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

Исламды қолдап, әртүрлі жастағы жанкүйерлері жиналды. Олардың қай-қайсы болмасын, жерлестерінің жеңісімен мақтанатынын, сонымен қатар болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектес екендерін алға тартты.

Аталған Азия чемпионатында ел құрамасы 12 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі алтын. Ислам Евлоевтің өзі атап өткендей-ақ, темірдей тәртіп, қажымас қайрат пен жігерді бір деңгейде ұстап қана жеңіске жетуге болады. Алда әлі талай биік шыңдарды бағындырарына сенім мол!