Еліміз бойынша бастау алған «Халық әуені» жобасы аясында өңірімізге Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі гастрольдік турмен келді. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай олар Жамбыл ауданында қонақта болып, «Өз елім» атты концертін ұсынды. 

Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында оркестрді шашу шашып, ән шырқап сән-салтанатымен қарсы алды. Алматы қаласынан арнайы келіп отырған қазақтың Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы жанындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрі 1988 жылы тікелей Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған. Оркестр құрамында 60-тан астам өнерпаз қызмет етеді. Ал бүгінгі гастрольдік сапарға 30 әртіс келіп отыр.

СНХР: ӘБІЛҚАЙЫРХАН БЕЙСЕКОВ - ДИРИЖЕР

СНХР: ГҮЛНАЗ КЕШУБАЕВА – «ОТЫРАР САЗЫ» ОРКЕСТРІНІҢ ӘРТІСІ

Бұл – еліміздегі маңдайалды шығармашылық ұжымдардың бірі. Оркестрдің ерекшелігі – ұлттық фольклорлық бағытта жұмыс істеуі және көне музыкалық аспаптарын кеңінен насихаттауы. Ұжым мүшелері жетіген, сырнай, шаңқобыз, сазсырнай, домбыра, қобыз секілді көптеген ұлттық аспаптарда ойнайды. Осындай ерекше құрамымен оркестрдің шоқтығы биік деуге болады.

СНХР: КҮЛБАРА АСАНБАЕВА - АУДАН ТҰРҒЫНЫ

Концерт тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды. Көрермендер ұлттық өнерге деген ерекше ықыласын білдіріп, әр шығарманы зор қошеметпен қарсы алды.

«Өз елім» атты концерттік бағдарламада күмбірлеген күй мен халық әндері орындалып, жиналған қауым рухани кештің әсерін сезінді. Гастрольдік тур аясында өнер ұжымы облыстың өзге аудандарында да концерт қоюды жоспарлап отыр.