Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында қауіпті зиянкес анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін. Өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлар Ресей Федерациясынан жеткізілген қарағай пиломатериалын тексеру кезінде зертханалық сараптама жүргізген. Нәтижесінде, көлемі 30 текше метр болатын ағаш өнімдерінің арасынан шыршаның кіші қара мұртты қоңызының дернәсілдері анықталған.


Бұл – карантиндік нысандар қатарына жататын қауіпті зиянкес.


Мамандардың айтуынша, мұндай жәндіктер орман қорына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан залалданған өнімді ел аумағына таратуға жол берілмейді. Инспекция өкілдері ел аумағына қауіпті зиянкестердің енуіне тосқауыл қою үшін тұрақты түрде карантиндік бақылау жүргізеді. Бұл биылдыққа бірінші жағдай болса, өткен жылы осындай 5 жағдай тіркелген.


СНХ: ГҮЛНАР АУБАКИРОВА – СҚО АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ