Петропавл қаласында кәсіпкерлер мен тұрғындарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіретін ауқымды семинар өтті. Іс-шара «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында ұйымдастырылып, өңірдегі бизнес қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Кездесудің негізгі мақсаты - өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат беру. Қатысушыларға қаржылық қолдау құралдары, соның ішінде жеңілдетілген несиелер, субсидиялар мен гранттар туралы түсіндірілді. Сонымен қатар, қаржылық емес қолдау шаралары, яғни оқыту, кеңес беру, бизнес-жоспар әзірлеу және сүйемелдеу бағыттары да кеңінен қамтылды.

СНХ: ӘСЕЛ ҚҰНАНОВА, СҚО БОЙЫНША «АТАМЕКЕН» ҰКП ФИЛИАЛЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ, «RE WOMEN» ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Семинар барысында спикерлер мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тетіктерін кезең-кезеңімен түсіндіріп, қолдау алу үшін қойылатын негізгі талаптарға тоқталды. Әсіресе, жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін қолжетімді мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге ерекше назар аударылды.

СНХ: АРМАН САЛЫҚОВ, «АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПАРАЦИЯСЫ» АҚ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Айта кетейік, «Кең дала» бағдарламасы аясында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 86 миллиард теңге бөлініп, 400-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Аталған бағдарлама бойынша қаржыландыру 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен жүзеге асырылады.