"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы 2019 жылы өз жұмысын бастады. Мемлекеттен қосымша қаржы бөлу арқасында ауылда өмір сүру сапасын жақсарту жоспарланған. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңаларын салу, жұмыс орындарын құру – осының барлығы бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жұмыстар.
Бүгінде бағдарламаның игілігін көрген аудандардың бірі – Есіл ауданы. Мұнда 33 жоба іске асырылды. Оған 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде 2 миллиард теңгеге жуығы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. 13 ауылда 75 шақырым жол жөнделді. 74 миллион теңгеге Явленка ауылында электр желісі салынды. Білім беру саласында 1 миллиард 679 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Денсаулық сақтау саласында 158 миллион теңгеге аурухананың терапия бөлімі мен Николаевка ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті.
Снхр: АЙНАГҮЛ БЕКТАСОВА – ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Есіл ауданына қарасты Петровка ауылындағы орта мектепте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы 231 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу барысында мектептің шатыры толықтай жаңартылып, жабындысы ауыстырылды. Сонымен қатар, ғимараттың қасбеті жаңартылып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, мектепте заманауи кабинеттер ашылып, толықтай жабдықталды. Бұл кабинеттер жаңа жиһаздармен және заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз етілді, бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осындай күрделі жөндеуден Николаевка селосындағы Асқар Игібаев атындағы орта мектеп те өткен. Мұнда асхана, акт залы, спорт залы, жылыту мен кәріз, желдету жүйелері толық жаңартылған.
Снхр: ӘМИНА ОСПАНОВА –А. ИГІБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ, НИКОЛАЕВКА АУЫЛЫ
Николаевкадағы фельдшерлік акушерлік пункт те бағдарлама аясында біраз жаңарып қалған. Мұнда процедуралық, екпе кабинеттері, стоматологиялық, акушерлік кабинет, күндізгі стационар, фильтр бөлмесі, демалыс бөлмесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Терезелер, қабырғалар, ғимарат сырты мен жиһаздар жаңартылған. Жалпы, бағдарлама ауылдық аумақтарды дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл жоба 2030 жылға дейін жалғасып, алдағы уақытта да елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталмақ.