Солтүстік Қазақстанның сайын даласында бір кездері мыңғырған малы мен тұрмысы қыж-қыж қайнаған ауылдар қарасы қалың еді. Алайда тоқырау жылдары біразының шаруалары шатқаяқтап, күн көріс қамымен елдегі ағайын үдере көшіп, алтын ұя ауылдар иесіз қалды. Бүгінде өңірімізде еш тіршіліксіз үнсіздікке көміліп, жел ғана сыр шерткен елдімекендер аз емес. Ондай оқиға Айыртау ауданындағы Казанка ауылдық округіне қарасты Прекрасное ауылын да айналып өткен жоқ. Екі мыңыншы жылдары ауылдың тұрғындары елден көшіп елді-мекен толық жабылып қалған болатын. Алайда арада он жылдан астам уақыт өткенде осы ауылдың туамасы Бақыт Мәжитұлы Құсайынов деген азамат, кіндік қаны тамған жерінің тамырына қайта қан жүгіртуді мақсат етіп иесіз қалған ауылына көш түзейді. Ауылға келісімен өздері өсіп-өнген қара шаңырақты қалпына келтіріп, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Бір кездері жабылып қалған Прекрасное бүгінде қайта тіріліп, тіршілік қайнаған ауылға айналып бұл жерде қазір 30 үй түтін түтетіп отыр. Оған биыл 13 жыл. Ал ауылдың қайта ашылуына мұрындық болып, 13 сауын сиырмен басталған шаруашылықтағы аналық мал басы қазіргі күні 500 ге жеткен.

Прекрасное ауылы, бұл атына заты сай, қайта жаңғырған мекен. Ауылдың қайта жандануының неңізі болған «Прекрасное» шаруашылығы 2013 жылы құрылған. Елді-мекенде 600 басқа шақталған заманауи сүт тауарлы фермасын іске қосылып, бұл жерде қазір күн сайын бірнеше тонна сүт өндіріліп, өңірдегі сүт зауыттарына жөнелтіледі. Ферма толық цифрландырылған жүйеде жұмыс істейді. Бүгінде аяғынан нық тұрған сүт кешені ауылдың 50 адамын тұрақты еңбекпен қамтып отыр.Солардың бірі Лариса Боровская. Ол Айыртау ауданына Тараздан көшіп келген. Қазіргі күні осы жерде сауыншы болып еңбек етуде.

СНХ: Лариса Боровская – ферма сауыншысы

Таңғы, түскі, кешкі сауын процестерінің үздіксіздігін, әр сиырдың сауын кезінде жағдайы, сүт мөлшері мен оның сапасы операторлық орталықтан бақыланып отырады. Ол жұмыспен Антонина Мозговая айналысады. Оның да бұл ауылға келу тарихы ерекше. Ферма алғаш ашылған уақытта Антонина бүл жерде шамалы уақыт жұмыс істеп, кейін өзі туып өскен Көкшеге қайта кеткен. Алайда араға үш жыл салып, бұл ауылға түбегейлі қоныс аударыпты.

СНХ: Антонина Мозговая – ферманың оператор-есепшісі

Дайын өнімді шаруашылық облыс орталығындағы «Еуразия Милк» кәсіпорнының сүт зауытына өткізеді. Ал мол өнімге кенелу, малды тиісті деңгейде күтіп ұстау, дұрыс тамақтандыру мен тікелей байланысты. Оған бірінші кезекте технолог маман жауапты.

Виталий Букетаев – ферма технологы

Әр сиырдың денсаулығын қадағалау да басты назарда болуы шарт. Аурып-сырқаған сиырлар бірден оқшауланып, оларға қажетті ем-дом шаралары жүргізіледі. Ферма оған қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Оған мал дәрігері Виктор Нефедов басшылық етеді. Ол бұл жерге қожалық басшысы, Бақыт Мәжитұлымен ауылды көтеру жұмысына алғашқылардың бірі болып келген. Содан бері бұл жердегі қиындықты да, алғашқы жетістіктерді де көзбен көріп келеді.

СНХ: Виктор Нефедов – ферманың мал дәрігері 

Мұндағы жаңа туған бұзаулардың өсіп жетілуін, қажетті вакцинаны уақтылы алуын Алеся Никитина қадағалайды. Жас маман Өскемен қаласының тумасы. Ветеринарлық колледжді тәмамдағаннан кейін ол осы ауылға арнайы келіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Алған білімін іс жүзінде кәдеге жаратып, күнделікті еңбекте шыңдалып жүргеніне екінші жыл.

СНХ: Алеся Никитина – ферманың мал дәрігері

Жойылып кеткен ауылдың қайта ашылуына мұрындық болған Бақыт Құсайыновты кездестірудің сәті түспеді. Десе де жаңа ауылдың өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосып отырған мұндағы еңбеккерлердің қолайлы өмір сүрулеріне барлық жағдай жасалғандығына көзбен көрдік. Жер үй деген аты болмаса қаладағы пәтерден еш айырмашылығы жоқ. Жарық, жылу мен су әр үйге орталықтандырылған желі арқылы беріледі. Жаңа ауыл - жаңа өмірдің бастауы. Оның тарихында осы жандардың әрқайссының ерен еңбектері ерекше орын алары сөзссіз.