Петропавлда полицейлер 3 мың литрден астам заңсыз алкоголь өнімінің сатылымға шығуына тосқауыл қойды. Бұл биыл өңірде тіркеліп отырған алкоголь өнімінің ең ірі партиясы.

Петропавлда тәртіп сақшылары құрамында спирті бар өнімнің ірі партиясын заңсыз айналымнан алды. Алкоголь бес литрлік пластик құтыларға құйылып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің аумағындағы жалға алынған контейнерде сақталған. Өнім иесі оның тұтынушы үшін қауіпсіздігін растайтын ешқандай құжат ұсына алмаған.

Тәртіп сақшылары 656 бөтелкені тәркіледі. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 3280 литрді құрады. Құрамында спирті бар сұйықтық сараптамаға жіберілді. Заңсыз өнімнің 35 жастағы иесіне қатысты әкімшілік материалдар жиналуда.

СНХР: Серік Әлжанов — Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы

Бұл — жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәркіленген заңсыз алкогольдің ең ірі партиясы. Үш ай ішінде полицейлер 2243 литр алкоголь өнімінің заңсыз айналымының жолын кесті.