1 наурызға қараған түні Петропавл қаласындағы Былғары зауыты шағынауданында орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінің шатырында өрт шықты. Дабыл түскен сәттен бастап оқиға орнына алғашқылардың бірі болып учаскелік полиция инспекторы Қуандық Ысқақов пен патрульдік полиция қызметкері Антон Жежеря жетті.

Өрт мұржаның жылу оқшаулағыш бөлігінде тұтанған. Үй иелері жалынды өз күштерімен сөндіруге кіріскен. Тәртіп сақшылары 5 пен 12 жас аралығындағы үш баланы қауіпсіздік мақсатында қызметтік автокөлікке шығарды. Үй ішінде төрт газ баллоны болған. Оның үшеуі бос болғанымен, қауіптің алдын алу үшін полицейлер оларды да сыртқа алып шықты. Одан кейін полиция қызметкерлері қою түтінге қарамастан шатырдағы өртті сөндіруге жәрдемдесіп, оқиға орнына келген өрт сөндіру жасағымен бірлесіп тілсіз жауды толықтай ауыздықтауға атсалысты. Сол түні Қуандық Ысқақов пен Антон Жежеряның жедел әрі сауатты әрекеттерінің арқасында оқиға адам шығынынсыз аяқталды. Қауіп сейілген соң полицейлер түнгі қызметтерін жалғастырды.