Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының 14 пайызы такси жүргізушілерінің қатысуымен тіркелген. Бұл көрсеткіште зардап шеккендер болмаған, алайда көліктер механикалық зақым алған оқиғалар да бұл тізімге кіреді. Полицейлер мәселені жаңа форматта шешуді қолға алды.
Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласындағы төрт ірі такси паркінің бірінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Дәл осы таксопарк жол-көлік оқиғаларының ең төменгі көрсеткішімен ерекшеленеді. Құқық қорғау органдары бұл көрсеткішті нөлге дейін төмендетуді көздеп отыр.
Әрбір рейске шығар алдында жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден өтеді. Гаражда көліктерге алдын ала техникалық байқау жүргізіледі. Полицейлер бұл процесті бақылап, құжаттаманың дұрыс жүргізілуіне көз жеткізді және жүргізушілермен профилактикалық әңгіме өткізді.
Бүгінде Петропавл қаласында төрт ірі такси паркі тіркелген, олардың автопаркі жүзден астам көлікті қамтиды. Полицейлер олармен меморандум жасасып, жол-көлік оқиғаларын азайту бағытындағы жұмысты тұрақты негізде жүргізуді жоспарлап отыр.
СНХ: Серік Әлжанов — СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы
Полицейлер таксопарктермен жұмысты жаңа форматта жүргізіп отырғанын атап өтеді. Бұл тәсілде полиция тек бақылау және жазалау шараларымен шектелмей, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жол қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылға басымдық береді.