Петропавлда өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Жиында СҚО-ның 2025 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Басқосуда негізгі жетістіктер мен аймақта кездескен өзекті мәселелер талқыланып, сондай-ақ өңірдің цифрлық дамуына ерекше назар аударылды.

11 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі экономикалық өсім 14,1 пайызды құрады. Экономиканың негізгі салаларында оң өсім қарқыны байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 20,8 , инвестициялар көлемі 11,9 , ауыл шаруашылығы 10,5 ал, құрылыс саласы 31,4 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1,4 , сауда саласы 13,3, ақпарат және байланыс саласы 0,5 пайызға артты. Сонымен қатар, көлік саласында 1,1 пайыздық төмендеу тіркелген. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы экономика басқармасының басшысы баяндады.

СНХ: НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар бағыттар бойынша өңірдің көшбасшы позициясын сақтап отырғанын атап өтті. Облыс сүт өндірудің жалпы көлемі бойынша республикада екінші орында, ал агроқұрылымдар арасында бірінші орынға ие. Елдегі дайын сүт өнімдерінің шамамен 21 пайызы өңірде өндіріледі. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша үшінші орында тұр. Көрсеткіш 131,4 пайызды құрады. Тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспары екі есеге артығымен орындалды. Көтерме сауда саласында өңір 121,7 пайыздық өсіммен республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсетіп, үздік бестікке енді.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Сонымен қатар, өңір басшысы кейбір салалар бойынша жоспарлы көрсеткіштерді арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттердің орындалуын аудан және қала әкімдеріне тапсырылды.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Өңірдің цифрлық даму стратегиясы туралы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров баяндады. Негізгі басымдық – жекелеген IT-жүйелерді енгізуден деректер мен жасанды интеллектке негізделген өңірлік басқару моделіне көшу. Жоспарланған жұмыстар бекітілген Жол картасы аясында жүзеге асырылмақ.

СНХ: АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Басқарма басшысы басым бағыттардың бірі – цифрлық инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде интернетке қолжетімділікті кеңейту екенін атап өтті. Қазіргі таңда ауылдардың 92,9 пайызы түрлі технологиялар арқылы ғаламторға қосылған. Мақсат – 2028 жылдың желтоқсанына дейін бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу. Сондай-ақ IT-экожүйеге ерекше көңіл бөлінбек. Оның негізгі элементі – өңірлік университет және Жасанды интеллект орталығымен бірлесіп жұмыс істейтін «SKO HUB» IT-орталығы болмақ.

СНХ: НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АКҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Айта кету керек, 2025 жылғы 22 қазанда Шал ақын ауданы аумағында еліміздегі және Солтүстік Қазақстан облысындағы алғашқы аудандық IT-орталық – Esil.AI ашылды. Қазіргі таңда өңірде мұндай орталықтардың саны 4-еу. Келесі жылға арналған жоспар – облыстың барлық аудандарында IT-орталықтар ашу. Өңір басшысы бұл орталықтарға арнайы KPI енгізуді тапсырды. Көрсеткіш ұсынылған стартаптар санына тікелей байланысты болады.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жиын соңында облыс әкімі жылыту маусымының үздіксіз өтуін қатаң бақылауда ұстауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалауды, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.