2025 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық әдеттерді қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Жыл басынан бері шамамен 1500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жыл басынан бері өңірде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл Есіл, Уәлиханов және М.Жұмабаев аудандарында үш эко-парк ашылып, 24 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Ал 2026 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тағы бір эко-парк ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойына 5,7 мың ағаш егілді. Жалпы облыс бойынша елді мекендер аумағында 195 мың жасыл желек отырғызылды. Апталық сенбіліктерге 170 мыңға жуық тұрғын қатысып, 72 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы жыл басынан бері 416 өтінім қабылданып, олардың басым бөлігі оң шешімін тапты. Аталған жұмыстарға еріктілер айрықша белсенділік танытып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өңірде бірқатар бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді.
СНХ: БОЛАТ ДАНИЯРОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СҚО ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ