Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жай-күйімен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті. Көтерілген мәселелердің жедел шешілуін жауапты органдарға тапсырды.
Аймақ жетекшісі аудан әкіміне «Дамир Агро» ШҚ-ның игі бастамасына қолдау көрсетуді тапсырды. Себебі, бүгінде бұл кәсіпорын ауылдың дамуына сүбелі үлес қосып отыр.
Шаруа қожалығының машина-трактор жөндеу шеберханасы 66-шы жылы салынған. Тозығы жеткен нысанға кәсіпкер бертін күрделі жөндеу жүргізіпті. Бұл іске 70 млн теңге жұмсаған.
Бұдан соң облыс әкімі ауылдағы балабақшаның жай-күйін бағамдады. Кейін ат басын аудан орталығына бұрды. Мұнда Ғауез Торсанұлы «Талшық Астық LTD» серіктестігінде салынып жатқан құрама жем зауытының құрылысымен танысып, аудан диқандарымен тілдесті.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барсында Ғауез Нұрмұхамбетов ауылдағы орталық қазандықтың жай-күйін бағалап, Талшық орта мектебінің жағдайын қарады. Білім ұясына 2 жыл бұрын жаңа оқу жабдықтары сатып алынып, сыныптары жаңартылыпты. Бұдан бөлек аймақ жетекшісі Qyran Creative IT-орталығында болды. Оның ішінде жасанды интеллектіні игеру, цифрлық сауаттылық сынды сабақтар өтеді.
Ары қарай облыс басшысы Ақжар ауданының халқымен кездесті. Жиын барысында тұрғындар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойды. Олардың ішінде жер, жол мәселесі бар. Ғауез Торсанұлы құзырлы органдардан бұл түйткілдердің тез арада шешімін табуды талап етті.