Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетова Уәлиханов ауданында болды. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы жаңартылған бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және аудан тұрғындарымен кездесті. Инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Уәлиханов ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әуелі Ақбұлақ ауылына барды. Мұнда биыл ескі әкімдік ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, демалыс орталығы болып қайта жабдықталған. Жоба құны - 178 млн теңге. Оның ішінде күреске арналған жаттығу залы, кітапхана мен музей орналасқан.
Облыс әкімі Ақбұлақ ауылы ішіндегі жолдардың жағдайын қарады. 8 жарым шақырым аралық биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 386 млн теңгеге жөндеу көрген. Бұдан кейін Ғауез Торсанұлы «Қызылту Су Арнасы» серіктестігіне қарайтын су сорғы станциясының жай-жапсарымен танысты. Нысан 2000 жылдан бері қолданыста.
Өңір басшысы «Чехов-Молодая Гвардия» бағытындағы жолдың жағдайымен де танысты. Бұл тасжолдың 26 шақырымын орташа жөндеуден өткізу үшін 701 млн теңге бөлінген. Әзірге оның тек 22 пайызы игеріліпті. Бас мердігер - «Новинтех» серіктестігі. Содан соң облыс әкімі ат басын Қарашілік ауылына бұрды. Елді мекенде жалғыз мектеп жұмыс істейді. Онда қазіргі таңда 24 бала білім алады. Білім ұясының биыл терезелері ауыстырылыпты.
Кішкенекөл ауылындағы «Жолдасбай Агро» ФҚ-да 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 5 млрд теңгеден асады. Нысан қолданысқа тапсырылысымен 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда қожалық германиялық қондырғылар сатып алған. Сонымен қатар, жақын шетелден голштино-фриз тұқымды 170 бас ірі қара мал әкелген. Өңір басшысы іргелі агроқұрылымдармен қатар жұмысын бастаған жаңа серіктестіктерді де назардан тыс қалтырмады. Солардың бірі - «Ханшайым» ФҚ. 4 жыл бұрын құрылған нысанда 70 сиыр, 80 жылқы мен 60 шақты қой бар.
Аудан орталығында біраз жоба жүзеге асып жатыр. «Ескендіров» ЖК жұмысын биыл ғана бастаған. Нысанда көлік иелеріне қызмет көрсетіледі. Ғауез Торсанұлы кәсіпкердің бұл бастамасына оң баға берді әрі аудан әкімдігіне дәл осындай кәсіпкерлерге қолдау көрсету керек екендігін жеткізді. Кейін өңір жетекшісі аудандық кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Нысан биыл ғана күрделі жөндеуден өткен. Оған 364 млн теңге жұмсалыпты. Кітапханада IT-орталық ашылған. Ол ауданнның кадрлық әлеуетін қалыптастыруға және цифрлық экономиканы дамытуға серпін бермек.
Кішкенекөл ауылында бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын заманауи емхананың құрылысы да аяқталды. Ол тиісті лицензиялық рәсімдерден өткеннен кейін 2026 жылдың наурыз айында толыққанды өз жұмысын бастайды. Жоба құны 3 млрд теңгеден асады.
ЛЮФТ: 530 файл 00:00-00:08
Ары қарай өңір басшысы республикалық маңызы бар "Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық" жолының жағдайын бағамдап, "Бәйтерек" электр станциясының жұмысын қарады. Оған соңғы 67 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 4 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекен тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтылатын болады.
СНХ: ДОСЫМХАН АРАЛБАЕВ, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
Кейін аймақ жетекшісі «АР» серіктестігіне табан тіреді. Агроқұрылымның 56 мың гектар жері бар. Жеке элеваторлары да жұмыс істеп тұр. Нысанның сыйымдылығы 11 мың тоннаны құрайды. Ғауез Торсанұлы астық сақтау орнын қарап, аудан шаруаларымен де тілдесіп, оларды әрдайым қолдайтынын жеткізді.
Бидайық ауылында мыңға жуық адам тұрады. Қазіргі таңда мұнда спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оған 200 млн теңге бөлінген. Мердігер - «Эксклюзив Строй» серіктестігі.
СНХ: НИКОЛАЙ ФЕЛЕНЧУК, «ЭКСКЛЮЗИВ СТРОЙ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Ғауез Торсанұлы Бидайық ауылындағы өрт сөндіру бекетінде болып, құтқарушылармен тілдесті. Кейін өңір басшысы Ақтүйесай ауылына аттанды. Мұнда 264 млн теңгеге ауылішілік жолдар жөнделіп, бір жыл бұрын жаңа фелдьшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілген.
Бұдан кейін облыс әкімі аудан халқымен кездесу өткізді. Тұрғындар Ғауез Торсанұлына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Басым бөлігі жол мәселесіне қатысты. Аймақ басшысы халықтың бұйымтайын тыңдап, тиісті тұлғаларға шешімін табуды тапсырды.