Петропавлда облыстың басты шыршасының шамы жағылды. Іс-шара Аяз ата мен Ақшақардың шеруімен басталды. Әрі қарай мерекелік кеш көңілді концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Басты алаңға жиналған барша жұрт Жаңа жыл қарсаңында бір-біріне тілек білдіріп, таң-тамаша болды.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс орталығы адам танымастай өзгерді. Безендірілген басты алаң мерекелік кешке келген қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады. Ал, сахнада өнер көрсеткен өнерпаздар іс-шараның сәнін одан әрі аша түсті. Басты кейіпкерлер Аяз ата мен Ақшақар болса жиналған жұртпен қайта қауышып, ізгі лебіздерін білдірді.

Мерекелік жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысып, жұртшылықпен бірге концертті тамашалады. Кейіннен көптің асыға күткен сәті басты шырша шамының жағылу рәсіміне кезек келді.

Айта кетейік, қаланы безендіру жұмыстары демеушілік қаражат есебінен жүргізілген. Басты алаңда көңіл көтеруге де, тынығуға да арналған арнайы орындар бар. Кешті тамашалауға келген жандар болса, бір біріне жүрек жарды тілектерін білдірді.

Кеш қонақтары аниматорлармен бірге суретке түсіп, түнгі әсем қаланы тамашалады. Мерекелік жиын соңында қызылды-жасылды от шашуға куә болды. Еске сала кетейік, келе жатқан 2026 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «білім мен зерттеулер» жылы деп жариялады.