Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Уәлиханов ауданына барды. Облыстық полиция ведомствосының басшысы жеке құраммен кездесу өткізіп, учаскелік полиция пунктінің жұмысын және мектептегі дабыл түймесінің жай-күйін тексерді.
Кішкенекөл ауылы — облыстағы ең шалғай аудандардың бірінің әкімшілік орталығы. Петропавл қаласынан 330 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Бұл жағдай полиция қызметінің өзіндік ерекшелігін айқындайды. Жеке құраммен өткен кездесуде Айдын Қабдұлдинов ішкі істер органдары қызметіндегі негізгі басымдықтарды атап өтті. Ерекше назар қызметтік тәртіпке және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы жұмысқа аударылды.
Кездесу барысында аудан полициясының ардагерлері — Марат Смағұловқа, Ермек Махатовқа және Шайдолла Сыздықовқа алғыс білдірілді. Құрметті ақсақалдар зейнетке шықса да, өздерінің тәжірибесімен ізбасарларымен бөлісіп келеді. Оларға естелік сыйлықтар табысталды. Үздік қызметкерлердің ата-аналары — Зүбайра Темірғалиева мен Төлеген Қажкенов те алғыс хаттармен марапатталды. Ал Серік Әмірбеков, Жеңіс Жолдасбаев және Сейілбек Шаимов полиция департаментінің грамоталарын алды. Сонымен қатар генерал аудан орталығындағы учаскелік полиция пунктінің жұмысын тексеріп, Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясына барды.
Дабыл түймесі іске қосылғаннан кейін тергеу-жедел тобы толық жарақтандырылған күйде санаулы минут ішінде оқиға орнына жетті. Айдын Қабдұлдинов сондай-ақ облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдуловтың халық алдында өткен есептік кездесуіне қатысты. Мұндай кездесулер шалғай аудандардағы жеке құрамды адал қызмет етуге ынталандырып, облыстың барлық өңіріндегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.