Әр ата-ана баласына көшеден дұрыс өту және бейтаныс адамдармен сөйлеспеу керектігін түсіндіреді. Алайда қауіпсіз мінез-құлықтың кейбір ережелері ересектердің өз назарынан да тыс қалып жатады. Солтүстік Қазақстан полицейлері бұл олқылықтың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларымен жүйелі түрде кездесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Петропавлдағы Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектепте өткен қауіпсіздік сабағында бірінші сынып оқушылары интернетте немен айналысса да, оны міндетті түрде ата-аналарына айту керектігі түсіндірілді. Арам пиғылды ересек адамдар балалармен онлайн-ойындар арқылы байланыс орнатуға тырысуы мүмкін. Ал кейбір алаяқтар баланы келесі деңгейге өткіземін деп алдап, ата-анасының банк картасы туралы мәліметтерін енгізуге итермелейді. Сабақ барысында полицейлер жолдағы қауіпсіздікке де ерекше назар аударды.
Биыл 9 айда облыс аумағында балалардың қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, олардың тоғызы жолаушылар тарапынан болған. Өкінішке қарай, екі бала қаза тапты. Полицейлердің айтуынша, балалардың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен жүргізушілердің жауапкершілігіне байланысты. Сабақ есте сақталуы үшін тәртіп сақшылары оқушыларға жол қозғалысы ережелеріне арналған бояу кітапшалары мен қазақстандық полицияның қызметтік көліктерінің үлгісіндегі ойыншық патрульдік машиналар тарту етті.
СНХ:Айнагүл Сауытбекова – СҚО ПД ЖПҚБ басқармасының инспекторы