«Қазақстан» телерадиокорпорациясы телевизиялық контентті цифрлық ортаға бейімдеуді жалғастырады. Бүгіннен бастап Корпорация 10 веб-телеарнаны іске қосты. Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйе FAST TV (Free Ad-supported Streaming TV) атауымен белгілі және бүгінде Еуропа мен АҚШ-та кеңінен таралған.

Жыл сайын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы 4 республикалық және 14 аймақтық арна түрлі жанрдағы контент өндіреді. Олардың қатарында телехикаялар мен анимациялық фильмдер, деректі фильмдер, зияткерлік және ойын-сауық бағдарламалар, айтыс, театр қойылымдары мен концерттер, спорттық трансляциялар бар. Веб-телеарналар кестесінде эфирдегі жобалармен қатар, Корпорацияның «Алтын қорында» сақталған бірегей бейнематериалдар да бар. Мұнда 1979-1993 жылдар аралығында түсірілген Ілияс Есенберлин, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев және басқа да көрнекті қайраткерлердің сұхбаттары мен әдеби бағдарламалар ұсынылған. Сондай-ақ, П. Чайковскийдің «Лебединое озеро» және «Щелкунчик», Дж. Вердидің «Аида» және «Травиата», Ж. Бизенің «Кармен» сияқты әлемдік классика жауһарларының отандық сахнадағы қойылымдары да бар. Айтыс мұрасына арналған «Qazaqstan Aitys» веб-арнасы арқылы соңғы 40 жыл ішіндегі 500 сағаттан астам айтыс таралады. Оның ішінде 1980 жылдардағы алғашқы телевизиялық айтыстар бар. Барлық веб телеарналар SmartTV арқылы және qazaqstan.tv, qaztv.kz сайттары мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында қолжетімді.