10 тамыз күні Абай облысы Семей қаласы Қарауыл ауылының орталық алаңында Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтой ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Ақынның тойына арнап, ұлттық ойындар мен жорға, топ және аламан бәйгеден жарыстар өткізілді. Одан бөлек барлық халық асыға күткен «Адамзаттың Абайы» атты ақындар айтысы да ұйымдастырылды.
Бұл рәсім бір мезетте еліміздің барлық жерінде бірдей өтті. Қарауылдағы іс-шараға зиялы қауым өкілдері, тойдың құрметті қонақтары мен тұрғындар қатысты. Ақын ескерткішіне арнайы тағзым ету үшін Голландиядан кемеңгер жазушы, Мұхтар Әуезовтың немересі, Зифа-Алуа Әуезова да арнайы келген.
СНХ: ЗИФА-АЛУА ӘУЕЗОВА, МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ НЕМЕРЕСІ
СНХ: ТӨЛЕУБЕК АМАНҒАЗИН ҚАРАУЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Адамзаттың алыбы – Хакім Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мәресіне жетті. Ақынның тойына «Жеті қазына» республикалық ұлттық байқауы да ұйымдастырылды. Жорға, топ және аламан бәйгеден өткен жарыстардың бәсі жоғары болды. Ұлттық спортқа тігілген жүлденің қоры да қомақты. 90 жылқы, 10 темір тұлпар өз иесін тапты. Әлбетте, бірінің бағы шапты, бірінің бабы келісті. Жорға жарысында қырғызстандық шабандоз топ жарып, автокөлік жеңіп алды.
Тоғызқұмалақтан Астана қаласынан келген Биғали Жеңісұлы автокөлік иеленді. Қазақстан бойынша өткен тұңғыш 180 шақырымдық ультрамарафонда Гран – при жүлдесін алған батысқазақстандық Баубек Ильясов темір тұлпар тақымдады. Балуандар арасында 74 келіге дейінгі белдесуде Алматы қаласының спортшысы Жігер Еркінұлының бағы жанып, автокөлік тізгіндеді. Ал маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов Абай тойының түйе балуаны атанды. Қара бура да көлік мінді.
СНХ: БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы Абай елі сағына күткен жыр додасы болды. Өткір тілді дүлдүлдер мен домбыраның күмбіріне жұрт сүйсінді. 9 сағатқа жалғасқан Семейдегі сөз сүлейлері сайысының бас жүлдесі қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырды.
Айтысқа шөліркеп қалған ағайынның мейірі қанған күн болды. Тапжылмай отырып таңертеңнен кешке дейін тамашалады жұрт. Шайырлардың тауып айтқан шумақтарына дүркін-дүркін шапалақ соғады. Аламан айтыс енді Абай елінде жыл сайын өтеді.
Алты ақын шыққан финалға. Мейірбек Сұлтанхан мен Рүстем Қайыртай, Мақсат Ақанов пен Жансая Мусина, Айбек Қалиев пен Әсем Ережеқызы сөз қағыстырды. Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын. Көркем сөздің құлагерлерінің шабысы да бөлек болғанын сол қошеметтен аңғардық. Бас жүлдені Мақсат Ақанов қанжығасына байлады.
СНХ: БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина 1 млн. теңге, екінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан 1 жарым млн. теңге иеленді. Бірінші орын алған Рүстем Қайыртайұлына 3 млн теңге берілді. Ал бас жүлдеге тігілген автокөлікті Мақсат Ақанов тақымдады.
СНХ: МАҚСАТ АҚАНОВ, АЙТЫСТЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ
Аймақ басшысы Абай тойына орай ұйымдастырылған республикалық айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға, қазылар алқасының мүшелері Сауытбек Абдрахманов пен Төлеген Жанғалиевқа, айтысты жүргізген Аманжол Әлтайға құрмет көрсетіп, арнайы тапсырыспен жасалған Абай шапаны мен тақиясын және мерейтойлық кілемшені тарту етті.