Петропавлдың Орталық саябағында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абайдың асыл мұрасы» атты мәдени-ағартушылық іс-шара өтті. Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Жомарт жан» орталығы және «Мир аттракционов» ЖШС бірлесе ұйымдастырған. Тақырыпты тілші тарқатады.
Бағдарлама аясында көркемсөз оқу байқауы мен киізден бұйым жасау бойынша шеберлік сағаты өтті. Іс-шараға 5 пен 14 жас аралығындағы балалар қатысты. Қатысушылар 3 жас санатына бөлінді. 40-қа жуық жасөспірім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Бұл — жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, Абай мұрасын ұлықтауға бағытталған игі іс-шара болды.
СНХР: АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, СҚО ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ
Іс-шараның негізгі демеушісі – «Мир аттракционов» серіктестігі. Ұйымдастырушының айтуынша, жас ұрпақтың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай мәдени іс-шараларды қолдау – әрбір кәсіпкердің азаматтық борышы.
СНХР: АЛЕКСАНДР КОЗЛОВ, «МИР АТТРАКЦИОНОВ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Кира Кривенко – 3-сынып оқушысы. Байқауда ол Абайдың «Күз» атты өлеңін жатқа оқыды. Ұлты орыс болса да, Абай шығармаларына деген қызығушылығы жоғары. Жас оқырман ұлы ақынның туындыларынан рухани нәр алып, оның поэзиясын ерекше сүйіспеншілікпен жеткізді.
СНХР: КИРА КРИВЕНКО, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Байқауға қатысқан 41 балаға сыйлықтар мен аттракцион билеттері табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай мазмұнды іс-шаралар жалғасатынын айтты.