Бүгін – тарихи күн. Жеңіске 80 жыл. Осы айтулы датаға орай Петропавлдың орталық алаңында «Ұлы Жеңіске тағзым» атты театрландырылған бағдарлама өтіп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңбыр жауып тұрса да, халықтың көңілі көтеріңкі.
Театрландырылған көріністер мен соғыс жылдарындағы әндер – бәрі де майдан даласының естеліктерін еске салды. Сол бір қиын қыстау кездерді сахналық қойылым арқылы жеткізген өнерпаздар көрермендерді бей-жай қалдырған жоқ. Әсерлі әндер мен майдан көріністерін тамашалаған жұрт көзіне еріксіз жас алды.
Бұл — Жеңістің оңайлықпен келмегенін, әр отбасының жүрегінде майданның ізі қалғанының тағы бір дәлелі. Мерекелік іс-шараға келген қала тұрғындары мен қонақтары қан майданға қатысқан аталары мен әкелері жайында естеліктерімен бөлісті.
Ауа райы қолайсыздығына қарамастан алаңда халықтың қарасы қалың болды. Бұл – майдан даласында ерлік көрсеткен батырларға деген халықтың шексіз құрметі мен алғысының белгісі. Таңнан бері қалада бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.