Ұлы Жеңістің 80 жылдығына үлгермеді. Солтүстікқазақстандықтар соғыс ардагері Валентина Волкодавты ақтық сапарға шығарып салды. Ол 19 жасында майданға өз еркімен аттанып, соғыс жылдарында көпір салу жасағында еңбек етті. Соғыстан кейін ел игілігі үшін қызмет атқарды.

Осыдан 2 күн бұрын Петропавлда соғыс ардагері Валентина Волкадав қайтыс болды. Дәл Жеңіс күні қарсаңында дүние салған 103 жастағы кейуананы бүгін теріскейліктер ақтық сапарға шығарып салды. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан аппарат басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол батырымыз ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

СНХ: РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы


Валентина Архиповна небәрі 19 жасында майданға аттанған. Беларусь пен Украинада көпір салу жасағында еңбек еткен. Біз соғысқа қатысқандар дегенде көз алдымызға мылтық ұстаған, танк тізгіндеп, ұшақ басқарған жандарды елестетеміз. Бірақ, сол батырларымызды тамақпен, киіммен, жолмен және тағы да басқа заттармен қамтамасыз еткен адамдарды ұмытпауымыз қажет. Олар болмаса, майдандағы жеңіс те болмас еді.

Әдетте әскери оркестрді шерулерде, салтанатты шараларда көреміз. Бүгін ардагердің ауласында баяу музыка ойнады. Батыр кейуананы ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне аға буын өкілдері көп жиылды. Жастар да бар. Барлығы Валентина Архиповнамен қимай қоштасты. Көздеріне жас алғандар да аз болмады. Қоштасу рәсімінде ардагердің немересі Мария Недвига жиналғандарға өз алғысын білдірді.

СНХ: МАРИЯ НЕДВИГА, Отан соғысы ардагері Валентина Волкодавтың немересі


Айта кету керек, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын облыста 2 ардагер қарсы алады.