Қызылжар ауданының Тепличное ауылында су тасқынына қарсы алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда сарбаздар, қаладағы кәсіпорын жұмысшылары, жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілерден құралған мыңға жуық адам ауыр техникамен бірге бөгеттің әлсіз тұстарын бекіту жұмыстарына кіріскен.
Бөгеттің осал тұстарын анықтау және бекіту мақсатында 2–3 метр тереңдікте сүңгуірлер жұмыс істеп жатыр. Олар су астында бөгет бойындағы ойықтар мен жарылған жерлерді бітеп, ақауларды жоюда. Сонымен қатар, құтқарушылар құтқару жабдықтарын сынақтан өткізіп, дайындық деңгейін тексерді.
СНХР: ҚҰСАЙЫН ШАХАН, СҚО ТЖД ҚҰТҚАРУШЫСЫ
Бұл маңызды іс-шараға 1400 адам жұмылдырылып, қосымша күштер Ақмола және Қостанай облыстарынан келді. Сондай-ақ, ниет білдіріп келген еріктілердің де саны аз емес. Солардың бірі — «Қаладан ауылға» көшу бағдарламасы аясында өткен жылы Мамлют ауданы, Бостандық ауылына қоныс аударған Нұрбол Алтаев. Оның айтуынша, былтырғы су тасқыны кезінде ол Шымкент қаласы Тостық мөлтек ауданының тұрғындарымен бірге екі жүк көлігімен гуманитарлық көмек жіберген.
СНХР: НҰРБОЛ АЛТАЕВ, МАМЛЮТ АУДАНЫ, БОСТАНДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Тепличное ауылының тұрғындары, Руслан Мырзабай мен оның ұлы Дастан, ауылдастарының қатарында белсенді түрде елді мекеннің айналасындағы бөгетті нығайтуға атсалысуда. 10 жастағы Дастан квадроциклмен ересектерге көмектесіп, қорғаныс құрылымдарын нығайту үшін қаптар тасып жүр.
СНХР: ДАСТАН МЫРЗАБАЙ - ТЕПЛИЧНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Руслан Мырзабайдың айтуынша, былтырғы су тасқыны кезінде ипотекаға алынған үйлері су астында қалған. Баспанасын жөндеп, қалпына келтірген, бірақ биыл да сол жағдай қайталанып отыр.
СНХР: РУСЛАН МЫРЗАБАЙ – ТЕПЛИЧНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Айта кетейік, ауыл тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары 25 сәуір күні сағат 15:00 пен 18:00 аралығында жүргізілді. Эвакуацияланған азаматтар Бескөл ауылындағы №2 мектепке және Петропавл қаласындағы Жұмабаев көшесі, 198-үй мекенжайындағы жатақханаға уақытша орналастырылды.