Су тасқынының үшінші кезеңінің үлкен толқыны Петропавлға жақындап, іргелес ауылдарға жайыла бастады. Әлеуметтік желілерде Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылындағы бөгеттің бұзылуы туралы ақпарат таралды. Алайда бұл жалған ақпарат. Десек те, бұл жерде су деңгейі айтарлықтай көтерілді. Осыған байланысты сарбаздар, қаладағы кәсіпорын жұмысшылары, жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілерден жасақталған мыңға тарта адам мен ауыр техникалар бұл жерде түні бойына кезекшілік атқарып бөгеттің осал тұстарын нығайту жұмыстарын жүргізді.
Су тасқынының шыңы Шал ақын мен Есіл аудандарынан өтіп Қызылжар ауданынының аумағына жетті. Арнасынан асқан Есіл өзенінен жайылған қарғын судың үлкен нөпірі Петропавлға іргелес Бескөл, Прибрежное, Тепличное ауылдарына қауіп төндіріп тұр.
СНХ: ЖОМАРТ АСҚАРОВ - СҚО ТЖД БАСТЫҒЫ
Әзірше Тепличныйдағы жағдай қатаң бақылауда. Халықты эвакуациялауға даурықтыруға негіз жоқ дейді төтенше жағдай саласы мамандары. Облыс орталығында Есіл өзеніндегі су деңгейі бір тәулік ішінде 29 сантиметрге көтеріліп, 1119 сантиметрге жетті. Былтыр бұл көрсеткіштің максималды шегі 1358 сантиметр болған. Тасқын суға тосқауыл қою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Өңірімізге шұғыл түрде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келіп сақтық шараларының жай-күйін тағы бір мәрте өз көзімен көрді. Жағдай бақылауда. Су тасқынының шарықтау шегі сәуірдің 28-30 күндері болады деп күтіліп отыр.